Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың мерейтойына арналған салтанатты митинг

 

Әйгілі партизан-жазушы, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 95 жылдық мерейтойына орай Өскемендегі Қасым Қайсеновтің ескерткіші алдында салтанатты митинг өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл шараға облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев, Сенат депутаты Талғатбек Абайділдин, Ресей Федерациясы Алтай өлкесі әкімшілігі азаматтық қоғам институттарымен байланыс жөніндегі департаментінің бастығы Валерий Труевцев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының тең төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Жұлдыз» журналының редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулет және батырдың туған-туысқандары, Ұлан ауданынан келген өкілдер, соғыс және еңбек ардагерлері, қала жұртшылығы мен оқушылар қатысты.
Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың мерейтойына арналған салтанатты митинг (+сурет)
Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың мерейтойына арналған салтанатты митинг (+сурет)
Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың мерейтойына арналған салтанатты митинг (+сурет)
"Тарихсыз болашақ болмайды, біз елімізге бостандық алып берген ағаларымыз бен апаларымызды еш уақытта ұмытпауымыз қажет. Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысында Кеңес жерін жаудан қорғап, Белоруссияда, Украинада партизан қозғалысына қатысып, ерен ерлік көрсеткен жерлестеріміздің бірі. Қасым ағамызды тек қана жауынгер, қолбасшы ғана емес, көрнекті жазушы, қазақтың тұлғалы азаматы деп айтуға болады. Жерлесіміздің «Халық қаһарманы» атағын алғашқылардың бірі болып алғаны да бекерден-бекер емес. Біз әрқашан Қасым ағамыздың алдында басымызды иеміз, оны мәңгілік жадымызда сақтаймыз. Өздеріңіз білесіздер, Ұлан ауданы жұртшылығының ұсынысымен, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен бұрынғы Молодежное кенті қазір Қасым Қайсенов кенті деп аталады. Бүгін батырдың туғанына 95 жыл толып отыр. Бұл мерекені біз Өскемен қаласынан бастап, өзінің туған жері – Ұлан ауданында атап өтеміз. Барша қонақтарға, батырдың ағайын-туысқандарына арнайы келгендері үшін үлкен рақметімді айтамын, ағамыздың аруағы бәрімізді қолдап жүрсін, жатқан жері жайлы болсын, бүгінгі мереке құтты болсын!" – деді митингті ашқан аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев. 

Мұнан соң соғыс ардагері, өңірдегі ауыр атлетиканың дамуына мол үлес қосқан Николай Молостов сөз алып, майдан даласында Қазақстан жауынгерлерінің, әсіресе, қазақтардың ерлігі ересен болғанын, олардың батырлығы аңызға айналғанын мақтана жеткізді. 
Ал Қасым Қайсеновтің інісі Ғабдылқайыр Қайсенов: 
– Қасым Қайсеновті еске алып, құрмет көрсетіп жатқандарыңыз үшін көптен-көп рақмет! Мен кейінгі жастардың Қасым сияқты еңбекқор, елін сүйетін азамат болып тәрбиеленуін қалаймын, – деген тілегін білдірді. 

Батырды еске алу шарасы ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімімен және бір минут үнсіздікпен аяқталды.

Ержан Әбіш
Суретті түсірген Е.Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz