Халық қаһарманы Қ.Қайсеновтің туғанына биыл - 95 жыл

  

Халық қаһарманы, партизан жазушы - Қасым Қайсеновтің туғанына биыл 95 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысы жылдары Белорусь пен Украинада партизан қозғалыстарын бастаған, ерен ерлігі аңыз болып айтылып жүрген батырдың мерейтойы туған өлкесі Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында айтулы шаралармен астасса, жауынгер өмірге келген Асубұлақ ауылында «Қасым Қайсенов оқулары» ұйымдастырылды.

Қара тұман қара бұлт үйіріліп аспанға,

Қасым ата қару алып жауға қарсы ұмтылды.

Жұртым деген ер сөзі көкейінде жатталып,

Отан деген от сөзі жүрегінде сақталып...

Батыр Қасым туралы білген өлең-жырлары мен әңгімелерінен үзінділерді жатқа айтып жатқан мына бір топ оқушы облыстық Қасым Қайсенов оқуларына іріктелгендер.

Дана Алданбаева, Қ.Қайсенов атындағы мектеп оқушысы:

- Қазақтың халық қаһарманы. Ұлан ауданының батыры, жерлесіміз, Шығыс Қазақстан облысының мақтанышы, ол ел үшін жер үшін туған азамат.

Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында өмірге келген. Соғыс жылдары Украина мен Беларус жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткерген. Батырдың мерейтойына биыл Ұлан ауданында ат шаптырып, ас берілді. Майдангер-жазушының туған-туыстары жиналды. Деректі фильм мен бірнеше кітаптың тұсауы кесілді.

Өңірде батырдың есімін ұлықтауда соңғы жылдары бірқатар ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалуда. Ұлан ауданының орталығы Молодежное кенті енді Қасым Қайсенов деп аталып жүр. Өскеменде бір көшені батырдың есімімен атады, көше басына жауынгердің ескерткіші қойылды.

Батырдың көзі тірісінде туған өлкесіне ат басын тірегенде басы-қасында жүретін бауыры –Жанабай Әшімов ол кездері Ұлан ауданы әкімі қызметінде болыпты. Әңгімені айтқанда аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз деп еске алады ол.

Жанабай Әшімов, Қ.Қайсеновтың туысы:

- «Басқа түскен ауыртпалыққа көне білу керек» деген ақылдарын дастархан басында талай естіп жүрдік. Біз де сол кісіге ұқсағымыз келді. Аңыз ғып әлі күнге дейін айтып жүреміз. Ол енді менің мәңгі есімде сақталады.

Майдангер Қасым Қайсенов 2006 жылы 89 жасқа қарағанда ауыр науқастан дүние салды. Тек жауынгер, қолбасшы ғана емес, көрнекті жазушы, қазақтың біртуары Қасым Қайсеновке «Халық қаһарманы» атағы алғашқылардың бірі болып берілді. Алдағы уақытта батырдың кіндік қаны тамған ауылда Қасым Қайсенов атындағы мұражай ашу жоспарланған.
 
3.05.2013
Әсем Қайратбек