Алтайдан ұшқан ақиық (Белгілі партизан, Халық Қаһарманы, жауынгер-жазушы Қасым Қайсенов хақында)

 

Қадірлі оқырман, 2006 жылдың алтын күзінде журналистік қызметтің ақжолтай сапарының бірінде елдің белді-белді, дара ұлдарымен кездесу сәті түскен. Солардың ішінде қазақтың қара нары – партизан атамыз Қасым Қайсенов та болған. Журналистік, перзенттік мұратымның орындалғаны ғой, сол тұста Үлкен Адаммен жақсы сұхбат құрылған болатын. Атамыз «Қазақстан генералдары» атты кітаптың қағаз қарайтар жеріне батасын жазып жатқан кезде, құдай-ау, қасиетті рамазан айында бақилық болып кетерін кім білген?..

Сұрапыл соғыс кезеңінде қазақ ұлтынан жүздеген Батыр шыққан. Алайда, маған Баукең (Б.Момышұлы) мен Қасым Қайсенов болмыс-бітіміндегі батырлықтың ғұмыры Ұлы Отан соғысының бір мың төрт жүз он сегіз күнінен де ұзақтау болып көрінеді. Себебі, отты жылдардан кейінгі тірліктерінде де үнемі тегеурінділік танытып, ұлт рухын асқақтата алған қос батырдың ноқтаға бас сыймас намысқойлық, ерен еңбекшілдік, бір сөзде тұра алатын парасаттық, үлкенді сыйлай алатын кісілік секілді атадан балаға ауысқан жаратылысы бөлек, мінсіз мінездерінен болса керек. Қасым атаның нағыз ерге лайықты серік болуды қалайтын, шын тұлпарларға тән, бойын баққан қасиеті еріксіз тәнті етеді.

Осы мақаланы жазар тұста газет тігінділерін ақтарып отырып, Қасым Қайcенов атамыздың алқалы жиындарда тосыннан түсірілген фотосуреттері көзіме жиі ұшыраса қоймады. Оның есесіне, елдікке бастар небір өрелі істерде, әсіресе, Желтоқсан көтерілісінің жиырма жылдығына орай аталық жөнімен, байырғы батырлық мінезінен танбай Қазақстан Рсепубликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа жазылған хатқа алғашқылардың бірі боп қолын қойған екен. Қасым ата ақ қырау шалған үлкен басымен-ақ Тәуелсіздігіміздің кіндігі, бүкіл дүниежүзі тарихына бетбұрыс жасауға ықпал еткен – Желтоқсан көтерілісі безбендеп-таразылауды қажет ететін тұста тағы да «бір майдан ашып» алғы шептен көрінген. Осындайда, Мұхтар Шаханов ағамыздың «біздің алдағы ісімізге Қажымұқандар керек», - дейтін ой өрімдерінің қаншалықты құнды екендігін, кештеу болса да, түсінгендейміз.

Иә, құдекеңнің өзіне де «жиендік» жасаудан тайынбайтын, табынатынын ғана тәңірдей төбесіне тұтатын қазекеме Бауыржан Момышұлының күндік жерден естілетін ащы айқайы, Қасым Қайсеновтің, ара-тұра болса да, жер жастандыратын жекпе-жегі керек-ау!

Алаштың ақиығы – Қасым Қайсенов жұмыртқа шайқайтын қақаған үскірікте дүниеге келіпті. Әке-шешесі Қайса мен Бижамал да құбатөбел тірліктеріне шүкіршілік еткен, жеті бірдей балаларын арқалап жүріп өсірген, олардың ойына азаматтық намыс дарытқан ордалы отбасының иелері еді.

Ана жүрегі әрқашанда ізгі, бар баласына да мейірімі, шапағаты молынан жетеді. Алайда, Бижамал анаға Қасымының, «қара тентегінің» орны бөлек. Оның да өзіндік себебі болыпты. Бижамал ана Қасымы туып, қалжасын жегенде нысаналы нәрестесіне бір ғана тілеуін білдірген екен: «Осы бір ұлым ер болса екен-ау. Қайса екеуіміз Ер Қаптағайдың ұрпағы емеспіз бе? Қолдай гөр! Ер қайратын бере гөр!..»

Ана біткеннің үлкені – Алтай, ол бәріне ана. Ол да Қасым атаның толағай тұлғасын сомдауда ешқашан өгейлік танытқан емес. Небір асыл қасиеттер тоғысқан Алтай өңірі, асқар таулары, қалың орманы, желпи соққан жұпар самалы, қайнар бұлағы мен тұнық тұмалары – кілең асыл қоспаларынан іріктеп, Қасым ата бойына сіңірген, бәйгеге қосардай жаратып, шарболаттай шыңдаған. Шын жұрты нағашыларының: «Қасым ба? Бұл отқа салсаң күймейді, суға салсаң батпайды», - дейтін баталы сөздері шындыққа айнала бастады.

Кейінгі өмір кезеңдері – Асубұлақ бойындағы туған ауылы, алтын ұя мектебі, техникум, Мәскеуде дайындықтан өткен екі жылдық арнайы әскери мектеп, партизан жасағындағы қауіп-қатерге толы сансыз жорықтар...

Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың жау тылында көрсеткен ерлік қимылдары Отан соғысы тарихында алтын әріппен жазылып қалған. Түн қатып, түсі қашып жортатындар да – сол партизан жасақтары. Өздері – күтпеген жерден киліге кетіп, жер соқтырып кететін кілең жүрек жұтқандар. Ел кегін арқалаған партизан жасақтарына жүктелген міндет ол жылдары аз болды ма?! Кейде жиырма, кейде қырықтан топтанып алып, үлкен-үлкен жорықтарға аттанып, аз күнде-ақ мың қаралы қосын ертіп алып, көбейіп қайта оралатын. Қасым атаның кейде қасына жалғыз ғана серік ертіп, жарты ай ішінде бес жүз болып шыға келетін кездері де аз болмайтын.

Иә, Мәскеуден арнайы тапсырма алып, он жігіттің басшысы ретінде жау қолындағы Украина жеріне аттанған сәті кейінгі жорықтарына өшпес із қалдырғаны әлі есінде. Жылауық жаңбырлы күз айында небәрі он бес күннің ішінде басынан өткерген он бес жылға татырлық қиын-қыстау шақтарын, дәті барып, қалай ғана естен шығарады?! Жан қиыспас қарулас серіктері де өңшең сай тасындай іріктелген көзсіз ерлер еді-ау! Қанша арпалысқанымен, үсті-үстіне толығып жатқан қалың жау қойсын ба, оны да қаза тапты. Енді, міне, жападан жалғыз, он күн бойы орман кезіп жүргені... Өзегі талып, көзі қарауытқан әлсіз дене еріксіз елеске жетелегендей болды. Есіне жайлы мінезді, баптап сөйлейтін әдебиет пәні мұғалімінің сөзі түсті: «Бар болмысыңды мағынасы мен екпіні билеп тұратын мұндай өлеңнің қуатын бастарыңнан жорық кешкенде білетін боларсыңдар.

... Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай...

... Қасарысқан дұшпанға

Қанды көбік жұтқызбай...»

Сол-ақ екен, дел-сал болып отырған денесін бір сәтте жиып алып, дүр сілкінді.

Қайран, Махамбет бабаның өршіл рухты өлеңдері-ай! 1916 жылғы Меркеде болған халықтық көтерілісте Ақкөз батырдың қасынан табылған уыздай жас Тұрар Рысқұлов та мұздай қаруланған патша әскерінен уақытша тосылып қалған қазақ сарбаздарын осы уытты өлеңмен көтеріп еді-ау!

Жедел бой түзеген Қасым батыр келесі күні-ақ Македон селосының шеткі бір үйінен іздеген адамын да тапты. Аз күнде жасақ жиналып, жауға жай оғындай тиген, кек болып атылған жаңа жорықтар да басталып кетті.

Қасым ата бастаған партизан жасақтарының ерлікке толы қисапсыз жорықтарын бір мақаланың аясына сыйғызу мүмкін емес. Туған елінің төрінде орны бар жанға қатысты тұстарымен шектелуді жөн санадық. Қарша бораған оқтың өтінде жүрген сұрапыл сында да ұлы денесіне бірде-бір дақ түспепті. Тек бір рет қана, Днепрден өту жорығында қара жерден кеме жүргізген қайратына көңілі толған Жер-Ананың, бір мезет, алқалап аспанға атқаны бар. Қасиетті қара жердің ниеті таза болатын, қайдан білсін, жанталасқан жаудың бомба жасырып кетерін. Бір кездері нағашыларының «отқа салса күймес, суға салса батпас» деген сөздері шынымен сәуегейлік болғаны ма?! Тәңір жарылқап, бір көзді беріп, бұл дүмпуден де аман қалды. Қасым атаның «менің бір көзім, қазақтың екі көзіндей көреді» дейтін әзіл-шыны аралас сөзі ел жадында жаңғырып жатады.

Батыр отырған жер көңіл ажары – күлкіден арылған емес. Кәрілікке де, соғыс салған жараға да мойымай жүретіні – сондықтан шығар. Алтайға ұқсас Карпатты қақ жарып өткен жорықта құрама командирі Александр Тканконың Қасым батырға қарата айтқан: «Сенің бұл ерлігің Карпат шыңының тасына жазылуға тиіс» дейтін сөзі – Алтай ақиығына берілген шынайы баға. Дала даналығына, бабалардың нақыл сөздеріне ерте бастан қанығып өскен Қасым Қайсенов аман-есен елге оралысымен, қаруын қаламға айырбастап, жазушылыққа бет бұрды. Оннан астам кітабы жарық көрді, Жазушылар Одағының мүшесі.

Иә, бүгіндері елдікке бет алған біздерге ең керегі – Қасымдай аталарымыздың аман болып, арқасына алты Алаштың бар ауыртпалығын артып берсең де қабақ шытып қыңқ етпейтін, қиыннан қияға сүйрер азулы азаматтардың қатары көбейе берсін дейтін ұлы тілеудің үдесінен баршамыз болып, қаймықпай табыла білсек болғаны!

*****

Мәскеудегі барлаушы-диверсиялық мектепті бітірген адаммын. 1939 жылдан 1941 жылға дейін оқыдым. Сол кезден бастап Совет үкіметі соғысқа дайындалған ғой, барлығын білген. Біздің елдің жаугершілікке ұшырайтынын білген. Жау қолында қалған біздің адамдарды құтқару үшін партизандарды даярлаған. Сондай дайындықтан өткен партизандардың бірімін. Соғыс басталды, үкімет он үш партизанды жау қолында қалған Украина майданына жіберді. Парашютпен Украина жеріне түсіп, жау ортасында қалған Совет адамдарын ұйымдастырып, партизан жасақтары ұрысқа шықты. Сол он үштің командирі едім. Менімен бірге барған он үштің он екісі, әрине, менен басқа, кейін Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор болды. Соғыстан, Украина жерінен қайтқанда бір ғана медальмен қайтқан адаммын. Ол медаль – «Партизан Отечественной войны I степени». Онда Ленин мен Сталиннің басы бар. Кейінгі көп медальдарым менің соңымнан келді. Өзің білесің ғой, ол кезде ұсақ халықтардың бетін қайтарып тұрды, генералдардың өзіне сабақ берген Бауыржан атаңның жайын да білесің...

Әлгінде айттым ғой, Украинаға аттанған он үш партизанның он екісі орыс-украин болатын, барлығы жоғары әскери шендерін, Батыр атағын алған. Олардың соңғысы осы кейінгі жылдары генерал-майор атанды. Онысына мен сұрау салып, себепкер болдым. Кучма Украинаның Президенті болып тұрған кезде, сол тұсқа жасаған сапарымның барысында Президентпен кездестім. Қасымда біздің қыз Дариға Назарбаева бар. Кучма осы Қазақстанда қызмет еткен, елді жақсы сыйлайды. Отырыста Кучмаға қарап тұрып: «Сенің мұның дұрыс емес. Егер ол – Кеңес Одағының Батыры А. Тканко ерлік жасап Украинаны азат етпесе, Украина немістің қолында қалса сен Президент болатын ба едің?! Болмайтын едің ғой! Мұның ұят!» деп айтып кеткеннен кейін, бір айдан соң А. Тканкоға да генерал беріпті. Генералдық алған А.Тканко маған жазған хатында: «Дорогой мой брат Вася! Наш Президент раздобрился, присвоил мне звание генерал-майор» деген еді, қайран дос! Ол достың қазір бар-жоғын білмеймін. Бұрын Украинаға денсаулық барда, достарым барда жиі барушы едім... Қазір қартайдым, тірі отырған дос та шамалы қалды. Алматыда Украинаның консулы бар, сол әркез келіп Вася ағасының халін сұрап кетеді.

*****

Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек Вася деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп  іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан. Вот, солай!

*****

Соғыстан қайтіп келгеннен кейін жазушылықпен айналыса бастадым. Соғысқа дейін де өлең жазушы едім. Елге, кейінгі ұрпаққа пайдасы тиер-ау деген үмітпен естелік жазуға көштім. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген мен болатынмын. Қазақша, орысша, украинша шыққан кітаптарым бар. Өзім туралы да біраз еңбектер шықты. Украинада, Қазақстанда партизан Вася туралы көп жазылды. Қазіргі сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтің әкесі К.Тоқаев бір кездері маған еріп Украина жеріне барған еді. Онда достарымды, ұрыс салған жерлерімді көріп, қайтіп келгеннен кейін мен туралы орысша-қазақша екі кітап жазды.

*****

Өскеменде менің атымдағы кітап үйі бар. Жуырда Өскеменнің облыстық музейінен үлкен бір автобуспен адам келіп, музейге қоямыз деп, бір кездері маған сыйға берген жәдігерлерден алып кетті.

*****

Менің материалдарымнан үлкен бір музей ашуға болар еді, экспонаттарым да көп. Бірақ оны керек қылар, көрем, білем деген адам әлі шамалы. Вот, солай!..

*****

Мені жазушылыққа әкелген осы апаң (жетпіс жылдан астам уақыт бірге бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан Асыл апамызды айтып отыр – Е.К.). Астай (Батыр Асыл апамызды осылай еркелетеді – Е.К.) «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақстан» баспасында біраз жыл журналист, баспагер болып қызмет істеген. «Кітап жаршысы» дейтін газеттің редакторы болған. 

(Алматы, 26 қазан 2006 жыл)

 Ернар КҮЛМАҒАМБЕТ, 

Бас әскери прокуратура

Штабының әскери прокуроры.

http://bap.prokuror.kz/rus/glavnaya-voennaya-prokuratura/publikacii/altaydan-ushkan-akiyk-belgili-partizan-halyk-kaharmany